Жамбылда Alphard көлігінің жүргізушісі 40-тан астам жол ережесін бұзған
ТАРАЗ. KAZINFORM – Биылғы қыркүйекте жол полициясы қызметкерлері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолында жылдамдықты асырғаны үшін Toyota Alphard автокөлігін тоқтатқан.

Құжаттарды тексеру кезінде шетелдік нөмір таққан автокөліктің Қазақстан Республикасында тіркелмегені және жүргізушінің 13 бап бойынша 40-тан астам жол жүрісі ережесін бұзғаны анықталды. Сондай-ақ осы құқық бұзушылықтар бойынша 2024 жылдың наурызында көлік жүргізушісіне айыппұл салынған.
Осы аптада Жуалы аудандық соты Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік істі қарады. Сотта құқық бұзушы кінәсін мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкініш білдірді және соттан қатаң жаза тағайындамауды сұрады.
Сот құқық бұзушының отбасылық-мүліктік жағдайын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға төмендетті. Яғни, сот қаулысымен көлік жүргізушісі кінәлі деп танылып, оған 51 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Айта кетсек, Оралда полиция үш күнде 40-қа жуық жол ережесін бұзған көлік жүргізушісін ұстағанын жазған болатынбыз.