Жамбылда полицейді көлікпен қағып кеткен мас жүргізуші сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облыстық соты мас күйде көлік айдап, полиция қызметкерін қаққан жүргізуші Н.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Наурыз мейрамында теракт жасамақ болған 30-дан астам тәжікстандық сотталды
Фото: Norma.uz

Ведомство мәліметіне сәйкес, ол Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігі — билік өкіліне денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану бойынша жауапқа тартылған.

Алғашқы сот анықтағандай, 2025 жылдың тамызында Н. өз көлігінен нөмірін алып тастап, жолда келе жатып сыра ішкен. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» трассасында жоғары жылдамдықпен қозғалған ол полицияның тоқтау талабына бағынбай, қашып кеткен.

Тараз қаласы бағытында келе жатқан көлік туралы хабарлама алған полиция қызметкері А. оны тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда Н. талапты елемей, полиция қызметкерін қағып өткен. Ол көлігінің жанармайы таусылған соң ғана ұсталған.

Н.-ның кінәсі бейнежазбалар, хаттамалар және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.

Прокурор Н.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Жәбірленуші полиция қызметкері сотталушыны кешірмейтінін айтып, шешімді соттың құзыретіне қалдырды.

Тұрар Рысқұлов ауданының соты кінәні мойындауын, өкінуін және жеке басының жағымды сипаттамасын жеңілдететін мән-жай деп танып, Н.-ны 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Адвокаттың шағымы бойынша істі қараған апелляциялық сот Н.-ның кәмелетке толмаған балалары бар екенін және бұрын сотталмағанын ескеріп, үкімді өзгертіп, жаза түрін жеңілдетті. Н.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Бұдан бұрын тараздық тәртіп сақшылары мас жүргізушіні трасса бойымен қуалап, қолға түсіргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар