Жамбылда этил спиртін заңсыз өндірген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді, деп хабарлайды ҚМА Жамбыл облысы бойынша департаменті.
Қазір «БМ» ЖШС мен онымен байланысы бар өзге де компаниялар басшылығына қатысты қылмыстық топ құрып, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқанына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Тергеу дерегіне сай, Махмадов Сұлтанның басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ міндетті лицензиясыз Жамбыл облысы аумағында акцизделетін өнім — этил спиртін жаппай өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу қызметін жүргізген.
Айта кету керек, Махмадов 2010 жылы дәл осындай қылмыс үшін сотталған. Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында күдіктілер өз жұмысын биоэтанол мен мал азығына арналған қоспаларды заңды түрде өндіру ретінде көрсеткен. Алайда іс жүзінде серіктестік аумағында өнеркәсіптік көлемде этил спиртін өндіруге толық жабдықталған жасырын спирт зауыты ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар бірнеше өңірді қамтитын өткізу желісін құрған.
— Этил спиртін жеткізудің тұрақты арнасы жолға қойылып, ол Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында орналасқан жасырын цехтарға жөнелтіліп отырған. Бұл цехтарда жеткізілген спирттен тұрғындардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін суррогат алкоголь өнімдері дайындалған. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Сонымен қатар, өндірістік база аумағында жүргізілген тінту барысында 18 дана майнинг жабдығы анықталды. Қазіргі уақытта тәркілеу мақсатында 7 автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, — делінген хабарламада.
Бұған дейін ҚМА Жетісу облысында тұрғын үй құрылысы кезінде қаржы жымқыру дерегін тексеріп жатқанын жаздық.