Жамбылда зейнетақы тағайындау тәртібі жеңілдетілді
ТАРАЗ. KAZINFORM – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы зейнетке шығу процесін айтарлықтай жеңілдетті.

Енді азаматтар зейнет жасына 3 ай қалғанда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, болашақ зейнетақы мөлшерін алдын ала есептете алады.
- Ал зейнет жасына толуына 10 күн қалғанда азаматтар қажетті құжаттарды ХҚКО немесе электронды үкімет порталы арқылы тапсырып, ресми өтініш бере алады. Құжаттар әлеуметтік бөлімдерге электронды түрде жолданады, кейін облыстық басқарма мен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы департамент тарапынан тексеріліп, бекітіледі, - деп жазды ведомстводан.
Дерекке қарағанда, шешім туралы ақпарат азаматтың ұялы телефонына СМС хабарлама арқылы жолданады.
Бұл жаңашылдық зейнетақы тағайындау уақытын қысқартып, халыққа қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 7 жетім бала баспаналы болды.