Жамбылдық басшылар қант қызылшасы мәселесін шу шығармай шеше ала ма
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында қант қызылшасын өткізу мәселесі күннен-күнге күрделеніп келеді. Өйткені қант зауыттарының алдында ұзын-сонар кезек тұр.
Биыл еліміздің шаруалары 1,1 млн тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Соның 600 мың тоннадан астамы — Жамбыл облысының еншісінде. Әулиеатада биыл 11,2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді.
Облыста екі қант зауыты бар — Меркі және Тараз қант зауыттары. Тараз қант зауыты қызылшаны өңдемейді. Сондықтан негізгі салмақ Меркі қант зауытына түсіп тұр.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өнім жинау басталмай тұрғанда Меркі қант зауыты 410 мың тоннаға дейін өнім қабылдай алатынын, ал Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытының қабылдау қуаты 450-470 мың тоннаға дейін жететінін айтқан болатын. Осы екі зауыт 1 млн тоннаға дейін өнім қабылдаса, қалған өнімді Қырғызстанға апарып өткізуге болады деген және тасымалдау үшін субсидия төленеді. Өйткені Ақсу қант зауыты тым алыс. Қызылшаның құнын жол шығынының өзі-ақ «жеп» қоятыны белгілі. Осылайша, жергілікті билік қызылшаның мәселесін күні бұрын ауызша шешіп тастаған-ды.
Бірақ өнім өткізу мәселесі алғашқы күндерден-ақ дауға ұласты. Меркі мен Ақсу қант зауыттарының алдында көлік кептелісі пайда болып, қант қызылшасын өткізушілер 4-5 күн күтіп қаңтарылып тұратынын айтып шағымдана бастады.
«Қызылша артқан көлік Меркідегі қант зауытынан 3-4 күнде әрең оралады. Ұзынсонар кезек. Түсіріп алып қабылдау өте баяу жүруде. Жетісу облысының Ақсу кенті мен біздің Байзақ ауданының арасы 850 шақырым. Меркі мен Ақсудағы қант зауыттары қатты ескірген. Ақсудағы зауытқа қызылша артқан көлік 7-8 күнде оралады. Жасыратыны жоқ, бұл — облыстық әкімдіктің кемшілігі. Алдын ала қам жасамаған. Облыста 11 мың гектардан астам қызылша егілді. Осыған сай күнібұрын қамданып, дайындық жасалуы керек еді ғой. Енді кеп шаруалар шырылдап отыр. Облыс басшыларымен жолығып жатырмыз. Соңғы кездескенде олар «Қант зауыттары жекеменшік қой, біздің тыңдамайды» деп қалыпты. Былтыр пияз егіп, су болмай, егінін құрғатып алғанның бәрі биыл қызылша екті. Сол кезде билік тарапынан «қызылша егіңдер, өнімді алатын зауыт бар, кепілдік береміз» деген әңгімелер айтылған. Міне, енді өнім өткізетін зауыттың жағдайы мүшкіл», — дейді Жамбыл облысы бойынша фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбеков.
Қант қызылшасы үшін әр килосына 25 теңгеден субсидия төленеді. Ал өнімін Ақсу қант зауытына өткізетіндер үшін 1 келісіне 45 теңге беріледі. Тәтті түбір тасымалына төленетін тариф құны 3 теңге болып белгіленген. Бұл қаражат диқандардың жол шығынын ақтайды.
Меркі зауыты өнімді 15 теңгеден қабылдап жатыр. Осыған байланысты Үкіметтен 16 млрд теңге субсидия сұралған. Бірақ әлі күнге бір тиын да берілген жоқ. Қазір тасымалдау шығынының бәрін шаруаның өзі көтеріп отыр.
«Субсидияның қаржысын үкімет осы қазан айына қойып береді деген келісім бар. Ауыл шаруашылығы министрлігімен күн сайын байланысып отырмыз. Жалпы қызылша мәселесі бойынша облыс әкімі осы аптада Меркідегі қант зауытына арнайы барып, акционерлермен жиналыс өткізді. Көлік кептелісі мәселесі шешілді деп айтуға болады. Зауыт бүгінгі күнге дейін 120 мың тоннадан астам өнім қабылдады. Жалпы 450 мың тонна қабылдайды. Өнім қабылдаудың арнайы кестесі бекітілген. Күндік қабылдау қуаты 4,5 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін ұлғайтылды», — дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев.
Жалпы алғанда осы күнге дейін Жамбыл облысында егілген 11,2 мың гектардың 2100 гектарының өнімі қазылып, 150 мың тоннадай өнім жиналды. Орташа өнімділік 705 центнер болып отыр. 150 мың тонна өнімнің 122 мыңын Меркі зауыты қабылдап, 1 мың тоннасы Ақсуға жіберілген.
«Шынында өнімді қабылдау лимиті көбейді. Енді қант зауыты күн сайын 6 мың тонна өнім қабылдайтын болады. Оның алдында лимит 3,5 мың тонна болған. Содан 5 мың, одан 6 мың тоннаға көтердік. Және тағы бір айтары, қызылшаны көбірек еккен Жамбыл, Байзақ аудандарына лимитті көбірек бердік. Және аудандардан келген өнімді арнайы кестемен қабылдаймыз. Егер бәрін жаппай қабылдай берсек мына жерде шынында ұзынсонар кезек, айтыс-тартыс болады. Мәселе ақырындап шешіліп келеді», — дейді «Меркі қант зауыты» ЖШС бас директоры Нұржан Қарғабаев.
Биыл қызылшадан өнім мол. Жылда гектарына 350 центнерден дақыл жинайтын шаруалардың алды қазір 900 центнерге дейін өнім алып жатыр. Ал қызылша жинау ісі енді қызып келеді. Сондықтан нағыз еңбекпен алысатын күндер әлі алда.
«Менің шаруашылығым 20 гектарға қызылша еккен. Осы күнге дейін жібергенім 8-ақ «КамАЗ» өнім. Қазір қол қусырып отырмыз. Көлік жоқ. Оның үстіне жаңбыр басталды. Комбайн батпақтан алқапқа кіре алмайды. Жердің кепкенін күтеміз. 20 гектарымның ары кеткенде 2,5 гектары қазылды. Көліктер Меркі қант зауытынан 3-4 күнде бір-ақ оралады. Қант зауыты «анау бұзылды, мынау бұзылды» деп әйтеуір, өнімді өте баяу қабылдауда. Басшылар «Мәселені шешеміз, далада қалдырмаймыз» деген. Бірақ шынымды айтсам, бұл шешілмейтін сияқты. Өнімін Ақсуға апарып жатқандар бар. Екі ара мың шақырымға жуық. Ол жақтың да қабылдай қоюы қиын», — дейді бізбен әңгімесінде «Халық заты» шаруа қожалығының төрағасы Жәнібек Төлегенов.
Шаруалар негізі о баста қант қызылшасын егу дұрыс жоспарланбағанын айтады.
«Қант зауыттарының қабылдау шамасына қарай қызылша егістігінің көлемі белгіленіп, одан асырмау керек еді. Қызылшаның биыл көп егілгені, өнімнің де мол болатыны алдын ала белгілі болды. Жергілікті билік, ауылшаруашылығы министрлігі соған сай қам жасауы керек еді. Енді кеп науқан қызған кезде шапқылап, әрекет жасап жатыр», - деп күйінеді шаруалар.
Жасыратыны жоқ, Жамбыл облысының әкімдігі биыл Үкіметке бірнеше рет хат жазып, қант зауыттарын жаңарту жұмысына қаржы сұраған болатын. Өкінішке қарай қаржы бөлінбеді. Осылайша Жамбылда қызылша жинау мәселесі қыл үстінде тұр. Кез келген сәтте қып-қызыл дауға айналуы мүмкін. Өйткені диқан қауым ала жаздайғы еңбегінің еш болғанын, еккен өнімінің далада қалып, рәсуа болғанын қаламайды. Онсыз да өткен жылы ағын су жетпей, құрғақшылыққа ұрынып, өнімін қолдан «өлтіріп» алған шаруалар қатты ашулы.
Шаруаны тағы бір ашындырған мәселе — облыс билігінің осы қызылшаға байланысты «бар жағдайды жасаймыз, алаңсыз еге беріңіздер» деп айтқан сөзі екені анық. Енді жергілікті билік сөзінде тұруы керек. Қант қызылшасы мәселесінің қанын шығармай шешу Жамбыл облысының басшыларына сын болғалы тұр.
Меркі қант зауыты алдында тұрған өнім артқан көлік иелерінің бірінің (аты-жөнін атамауды сұрады — ред.) телефон нөмірін тауып сөйлестік.
«Иә, өнім қабылдау лимиті көбейіпті» деген әңгімені біз де естідік. Бұрын 4-5 күн тұратын. Кешеден бастап қабылдау мәселесі сәл-пәл жылдамдап, көліктер 2 күнде өнімін өткізіп қайтып жатыр. Бірақ әлі де зауыттың алды толған кезек, кептеліс», — деді ол.
Айта кетсек, біз бұған дейін Қазақстанның қызылша өсірушілері тапсырған өнімі үшін төлемді жақын арада алатынын жазған болатынбыз.