Жамбылдық қызметшілерді сынаған жазбалардың жартысы рас боп шыққан

ТАРАЗ. KAZINFORM – 2024 жылдың 8 айында Жамбыл облысындағы мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде барлығы 21 жағымсыз жарияланым жазылған. 

Жамбылдық қызметшілерді сынаған жазбалардың жартысы рас боп шыққан
Фото: freepik.com

– Енді осы жағымсыз материалдардың 10-ы немесе 47,6 пайызы расталған. 6-ауы расталмаған. Расталмаған ақпараттарды теріске шығару жөнінде тиісті жұмыстар атқарылды. Ал қалған 5-еуі мәлімет үшін жазылған. Жағымсыз жарияланымдарда көрсетілген мән-жайлар бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің алаяқтық бабы бойынша 1 қызметші және билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бабы бойынша 1 қызметші қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, 14 қызметші әр түрлі тәртіптік жазаларға тартылды, - дейді бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сандуғаш Жүзбаева.

2024 жылдың маусым айында бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы инспекторларының қызметіне қатысты сыни жарияланым жазылғаны анықталған.

Жарияланымда прокуратура органдарымен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіру және еңбек заңнамасын бұзу фактілері көрсетілген. Осыған байланысты инспекция басшысы Ж. Қоекеевке «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. 

Ал, инспекцияның бас мамандары Е. Бердібеков пен Т. Жақыпбеков мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағандары үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылса, бас маман Р. Сарбасоваға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Соңғы жаңалықтар