Жамбылдық шаруаларға су беру кестесі жаңадан бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбылдық шаруаларға су беру кестесі жаңадан бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді. 

Жамбылдық шаруаларға су беру кестесі жаңадан бекітілді
Фото: Су ресурстары министрлігі

– Қыс-көктем мезгіліндегі жауын-шашынның аз түсуіне байланысты Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоныз және Бүркітті су қоймаларында су көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмен. Осыған байланысты шаруа қожалықтарымен келісілген жаңа су беру кестелері әзірленіп, бекітілді. Жамбыл, Талас және Байзақ аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен кездесулер өткізілді, - деді ол.

Оның атап өтуінше, оларға су тұтынудың бейімделген режиміне көшу бойынша мынадай ұсыныстар берілді:

• суаруды негізінен түнгі уақытта ұйымдастыру;

• суару жұмыстарының нақты кезектілігін енгізу;

• көпжылдық шөптерді суаруды бір айналыммен шектеу.

– Бұған қоса, 1 шілдеге дейін Қордай ауданындағы Қайнар ауылында қосымша су айдайтын сорғы стансасының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл нысан төменгі аумақтарға су жеткізуді көбейтіп, негізгі каналға түсетін жүктемені азайтуға және су тапшылығын ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Станса құрылысы аяқталғанға дейін суды үш күн сайын беру кестесімен айналымды режимге көшу туралы уақытша шешім қабылданды. Бұған қосымша, «Қазсушар» филиалының күшімен Георгиев магистральдық каналына секундына 2 текше метрге дейін қосымша су беру үшін Шу өзенінің бір бөлігін тазалау жұмыстары жүргізілді, - деді ол.

Таяуда Үкімет басшысы Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар