Жамбылдық шенеуніктер қаржы жоқ деген желеумен балалардың спортпен шұғылдану кезегін заңсыз тоқтатқан
АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласының прокуратурасы Жамбыл облысы спорт басқармасының балалардың спорт секцияларына қол жеткізуде құқықтарын сақтау мәселесі бойынша қызметіне талдау жасады.

Басқарма бюджет қаражаты жоқ деген желеумен бір жылға жуық уақыт бойы балалардың спортпен шұғылдану кезегін заңсыз тоқтатқаны анықталды.
- Ал, қолданыстағы заңнамада қаражат болмауына байланысты кезекті тоқтата тұруға қатысты нормалар қарастырылмаған.
Қалалық прокуратураның қадағалау актісіне сәйкес, «Damu bala» платформасында заңсыз тоқтатылған кезек қалпына келтіріліп, 4560 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалды, - деп жазды бақылаушы органнан.
Сонымен қатар, 4 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 2 басшы бар.
Тараз қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғауға да назар аударды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы таксилер тек жұмыс күндері мен күндізгі уақытта тасымалдау қызметін көрсететіні анықталды.
Прокуратураның қадағалау актісі нәтижесінде «Инватакси» жұмыс режимі қайта қаралды. Енді балалар такси қызметін тәулік бойы, соның ішінде мереке және демалыс күндеріде пайдалана алады.
Айта кетейік, Жамбыл облысы мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы делдал болғаны үшін сотталды.