Жамбылдың 32 ауылында кәсіпкерлер ішімдік сатудан толықтай бас тартқан
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан кәсіпкерлер саны артып келеді, деп хабарлайды Жамбыл облысы прокуратурасы.

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесулерін жалғастырып жатыр.
Мәселен, 2025 жылғы 31 шілдеде Қордай ауданының Кенен ауылында кезекті іссапар барысында жергілікті тұрғындармен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыс жасауға ықпал ететін жағдайларды жою, азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан кәсіпкерлер өз пікірлерімен бөлісіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді, ал екі кәсіпкер әкімдікпен тиісті меморандумдарға қол қойды.
— Қоғам тарапынан осындай бастамалар өңір бойынша кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда өңірде 32 ауылда кәсіпкерлер алкогольді ішімдіктерді сатудан толықтай бас тартқан. Азаматтық қоғам тарапынан көрсетілген мұндай қолдаулар қоғамдық тәртіпті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Атап айтқанда, биыл «алкоголь сатудан бас тартқан» облыстың 11 ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген, — делінген ведомство хабарламасында.
Облыс прокуроры әлеуметтік жауапкершілік пен бизнестің өңір экономикасына қосқан үлесінің артып келе жатқанын, сондай-ақ прокуратураның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша Фронт-офисі мен Мобильді топтары арқылы шаралардың күшейгенін атап өтті.
Осыдан бұрын Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 19-ға жеткені анықталды.