18:58, 05 Наурыз 2026 | GMT +5
Жамбылдың Жаңатас станциясында маневр кезінде локомотивтер соқтығысты
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі ️Жамбыл облысы Жаңатас станциясындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде таралды.
— 2026 жылғы 5 наурызда Жамбыл облысындағы Жаңатас станциясында «Жаңатас Су-Жылу» КМК кірме жолына «мазут» тиелген 5 вагонды беруге арналған маневрлік жұмыс жүргізілген кезде Жамбыл локомотив депосының машинисі «КАП Логистик» ЖШС жеке кірме жолындағы локомотивпен соқтығысуға жол берген. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ, — делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, оқиғаның себептері анықталып жатыр. Мән-жайды тексеру үшін арнайы комиссия жолға шықты.
Бұған дейін теміржол торабының екі учаскесінде пойыз бен автокөлік соқтығыса жаздағаны белгілі болды.