Жамбыл облыстық ПД бастығы қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына барды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы генерал-майор Жанат Сүлейменов қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық ПД бастығы қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына барды

Нақтырақ айтсақ, департамент бастығы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жандос Бекдайыровтын отбасыларына арнайы ат басын бұрды. Сондай-ақ, аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ауыр оқтан жарақат алған патрульдік полиция батальонының инспекторы Бекжан Тіленчиевке барып, келе жатқан мерекемен құттықтады.

«Біздің қызметкерлеріміздің ерліктері бүгінгі полицейлер үшін өз қызметіндегі патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі болып табылады. Сіздердің жолдастырыңыз, әкелеріңіз басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз өмірін құрбан ете білді. Халықтың қауіпсіздігі үшін өз жанын қиған батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Олар әрқашан біздің жүрегімізде, жадымызда сақталады»,-деді генерал-майор Жанат Сүлейменов қаза тапқан полицейлердің туыстары мен жақындарына.

Ол қайтыс болған қызметкерлердің туыстарын әңгімеге тартып, жай-күйлерін сұрап, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлді. Мәселен, Полат Аянқұловтың ұлы мен қызы каратэмен айналысады десек, олар бүгінде осы спорт түрінен бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Ал Ғазиз Байтасовтың кіші ұлы Әділжан футболға қатты қызығатынын айтты.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының ПД бастығы Бекжан Тіленчиевтің шаңырағында болып, оған денсаулық, қажымас қайрат, шыдамдылық тілеп, тезірек сауығып кетуіне ниеттестігін білдірді. Оның керек мәселелерін шешуге көмектесетінін жеткізді.

ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекесіне орай полиция қызметкерлерінің отбасыларына құттықтау хаттары мен гүл шоқтары табыс етілді.