Жамбыл облыстық тәртіптік кеңесі облыстық денсаулық сақтау басқармасын жазаға тартты

Жамбыл облысы денсаулық сақтау саласының ахуалын тексерген ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігінің облыстық тәртіптік кеңесінің отырысында осындай ақпарат айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау жөніндегі комитеті департаменті мен фармакологиялық бақылау комитеті департаменті мамандарының хабарлауынша, Вадим Овсянников басқаратын Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасында қымбат тұратын қондырғыларды сатып алуға немқұрайды қарау әдетке айналған. Қондырғыларды сақтау, оларды пайдалану жағдайы, қызмет көрсетететін мамандардың бар-жоғы ескерілмейді.
Дұрыс пайдаланылмағандығы себебінен көптеген техникалар жарамсыз күйге түскен және олардың біразы, атап айтқанда Шу қалалық ауруханасындағы зертханада бағасы үш млн. теңге тұратын биохимиялық сынама аппараты толық істен шыққан.
Ана мен бала өлімінің көрсеткіші биылғы жылы өткен жылдың республикалық орташа көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге дейін өскен.
Тексеру көрсеткендей, өңір мектептеріндегі 64 медициналық пункт қызметкерлерінің аталған қызметке рұқсаты жоқ, бірқатар медициналық мекемелердің қызметкерлері заңсыз қызметпен айналысады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының жұмысын тәртіптік кеңес жеткіліксіз деп тапты және бағыныштыларына бақылауды төмендеп алғаны және өздерінің қызметтік міндеттерін лайықты орындамағаны үшін оның орынбасарларын жазаға тарту туралы ұсыныс жасалды.