Жамбыл облысы биыл әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны рейтингінде бірінші орынды сақтап қалуға қауқарлы бола ма?

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде апта сайын Қазақстанның әр облысы әкімінің баспасөз мәслихатын өткізу науқаны жүріп жатыр.
None
None

Осы уақытқа дейін елордада бес облыстың әкімі өзі басқарып отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайында мағлұмат беріп, тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берді. Бұл жолғы кезек Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа келді, яғни осы өңірдің басшысы бүгін түске дейін баспасөз мәслихатын өткізіп, қойылған сауалдарға жауап беруге тырысты.

Осы орайда ол Президент Әкімшілігі мен Үкімет тарапынан жүргізілген 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны рейтингінің нәтижесі бойынша Жамбыл облысы республика өңірлерінің арасында бірінші орынды алғанын еске салып өтті. Әкімнің айтуынша, соңғы 3 жылда өңірлік жалпы өнім облыста 33 пайызға өсті. Оның ішінде 2012 жылы бұл көрсеткіш 9,8 деңгейінде болды. Бұл тұрғыда былтыр аймақ үшін оның сомасы рекордтық көлемге жетіп, 764 млрд. теңгені құрады.

Белгілі болғандай, үш жылдың ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсімі 44 пайызға жетіпті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 46 пайызға артқан көрінеді. Биылдың 8 айында өнеркәсіп саласы тағы 7,6 пайызға өркендеген екен. Жалпы осы өсім өнеркәсіптің барлық салаларында артқан.

Сонымен қатар Қ. Бозымбаев өз сөзінде өңірдегі өзекті мәселелердің бірі - автокөлік жолдарының жағдайына байланысты екенін жасырмады. Жергілікті маңыздағы жолдардың желісі 4 мың шақырымнан астам қашықтықты қамтиды. 2010-2013 жылдары жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге 24 млрд. теңге бағытталған. Осы жылдары бұл қаржыға 74 шақырым жолға толық жөндеу жүргізілді. Орташа жөндеу жұмыстарымен 1800 шақырым, ал ағымдағы жөндеумен 3 мың шақырым қамтылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы арқылы 2010 жылдан бері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автобанының құрылысы жүріп жатқандығы белгілі. Бұл жолдың 495 шақырымы аталған өңірдің аумағымен өтеді. Бүгінде осы жол учаскесінің 300 шақырымға жуығы пайдалануға берілді.

Әкім өңірде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы қарқынды жүріп жатқанын айта келе, 2013 жылы 260 мың шаршы метрден астам тұрғын пайдалануға берілетінін, яғни 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болатынын сөз етті. Аталған тұрғын үйді салу барлық қаржыландыру көздері есебінен жүргізіледі. Бұдан бөлек, облыс әкімінің айтуынша, 1,5 мың адам қалаға таяу орналасқан аумақтан баспана салу үшін жер телімдерін алатын болады. Дегенмен әкімнің сөзіне қарағанда, аталған учаскелерге 3 жылдың ішінде үй салынбаса, онда жер телімі мемлекетке қайтарылып алынатын болады.

Атап айтқанда, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы әрбір гектар жерді тиімді пайдалану мәселесі айрықша бақылауға алынып отыр. Осы орайда Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу барысында 400 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. «Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы айналымына соның шамамен 130 мың гектары енгізілді», - деді Жамбыл облысының әкімі.

Бұдан кейін ол өңірдегі суармалы алқаптардың мәселесіне ойысты. Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары жазғы маусымда су тапшылығын көруде. Соңғы жылдары Жамбыл облысы егістік алқаптарын суаруға байланысты біршама қиындықтарға ұшырауда. Өйткені, 80 пайызға жуық су ресурстары трансшекаралық өзендер арқылы көршілес Қырғыз Республикасынан алынады. «Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары жазғы маусымда су тапшылығын көруде. Осы орайда, біз су үнемдегіш технологияларды қолдана отырып, облыстың ирригациялық жүйелерін қайта жаңғырту және суармалы жерлерді қалпына келтіру жөнінде 2014-2020 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама әзірледік», - деді әкім. Бұл тұрғыла енді өңірдің Ырғайты, Қалғұты, Шу, Талас, Аспара өзендерінде су қоймаларын салу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Бұл жобаның өңір диқандарын сумен қамтамасыз етуде көршілерден тәуелділікті төмендетуге мол мүмкіндіктер берері сөзсіз.

Сонымен қатар жазда біраз дау тудырған «Быстроток» су арнасы мәселесі жайында айтып өтті. «Біздің тікелей бастамамызға сәйкес, Үкімет Жуалы ауданындағы «Быстроток» су арнасын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады. Тамыз айында шекаралас бауырлардың осы каналды жапқанын білесіздер. Енді, жаңадан салынып жатқан су арнасы облыс аумағы арқылы Қырғызстанды айналып өтетін болады», - деп тоқталды өңір басшысы. Оның сөзіне қарағанда, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Бұл мақсатқа 5,6 млрд. теңге бөлінген.

Өңірде 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 38,2 пайызға өсіп, 94 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 8 айында 56 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде пайдаланылмай жатқан жерлерді тарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, су және ылғал үнемдегіш технологияларды енгізу шаралары қолға алынған. Бүгінгі таңда су үнемдегіш технология 3000 мың гектарға жуық, ал нөлдік және минималдық технологиялар 23,5 мың гектар алқапқа енгізілген.

Айта кетерлігі, облыста апатты мектептердің саны артып келе жатқанға ұқсайды. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі білім саласындағы проблемалардың бірі - ол апатты жағдайдағы мектептерді жоюға қатысты екенін алға тартуда. «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өңірде 19 апатты жағдайдағы мектеп бар және олардың саны өсуде. Өйткені, облыстағы 458 мектептің 94-і саманнан салынған. Сондықтан, бұл өзекті мәселені шешу бағытында бірқатар ауқымды шараларды қолға алдық», - дейді әкім. Белгілі болғандай, 2009-2012 жылдар аралығында облыста құрылыс және қайта жаңғырту есебінен 18 мектеп пайдалануға берілді. Оның 12-сі апатты жағдайдағы және 5 мектеп үш ауысымды мектептердің орнына тапсырылды. Тек биылдың өзінде, облыста 12 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 8 апатты және 2 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілетін болады.

Мұнымен қоса, өңірде мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 46,9 пайызды құрап отырған көрінеді. Бұл ретте «Балапан» бағдарламасының аясында өңірде соңғы 4 жылда 55 балабақша және 130 шағын орталық пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 11 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. «Бірақ, жасыратыны жоқ, біз қанша тырыссақ та аналардың қарқынына әлі үлгере алмай жатырмыз. Әрине, бұл демографиялық ахуалдың жақсарғандығы. Сондықтан да білім беру нысандарымен қамту жұмыстарын екі есеге күшейту қажет», - дейді Қ. Бозымбаев.

Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, денсаулық сақтау саласында атқарылған мақсатты шаралар арқасында өңірде ана өлімінің деңгейі 2 еседен астам, нәресте өлімі 25,6 пайызға азайды. Сонымен қатар, туберкулез ауруының деңгейі 13,2 пайызға төмендеді. Өңір тұрғындарының орташа өмір сүру деңгейі соңғы он жылда 2,5 жылға өсіп, 70 жасқа жақындады. Ал туу көрсеткіші 63,3 пайызға ұлғайды.

Ал ұрлықпен күрес аясында тұтас бағдарлама әзірленіп жатыр екен. Облыс үшін қылмыстың алдын алу мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып қалуда. Ішкі істер департаментін жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Егер 2009 жылы қаржыландыру көлемі 2,5 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 4,6 млрд. теңгені құрады. Соңғы 4 жылда ішкі істер органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 1,7 млрд. теңге бағытталды. Бөлінген қаржыға 151 автокөлік, бейнебақылау камералары және басқа қажетті техникалар алынды.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 8 айда кейбір ауыр қылмыстар деңгейін төмендетуге қол жеткізілді. Мысалы, кісі өлтіру 6, қарақшылық шабуыл 14, қорқытып алушылық 31 пайызға азайған.

«Бүгінгі таңда бөтен мүлікті ұрлау бойынша қылмыс саны 45,2 пайызға өсті. Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, біз құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе бөтен мүлікті ұрлауға қарсы күрес бағдарламасын әзірлеу үстіндеміз. Бағдарлама шеңберінде Тараз қаласында орталықтан басқаратын бақылау жүйесін орнату жоспарлануда», - деді Қ. Бозымбаев.

Белгілі болғандай, сондай-ақ үй подъездерінде бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштар орнату, пәтерлерді дабыл жүйелерімен жарақтандыру көзделуде. Келешекте олардың тәулік бойы тұрақты жұмыс істеуін жекеменшік күзет мекемелері қамтамасыз ететін болады.

Соңғы жаңалықтар