Жамбыл облысы транзиттік әлеуетін арттырады

«ҚТЖ - жүк тасымалы (ЖТ)» АҚ - «ЖТ Жамбылдағы бөлімшесі» директорының орынбасары Үмітбек Рысбековтың ойынша, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздегі, соның ішінде Жамбыл облысындағы инфрақұрылымдарды дамыту бағытында жасалған тағы бір баспалдақ.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында» бизнесті түрлендіру бағдарламасы аясында жаңа жүк тасымалдаушы пайда болып, өз кезегінде ол жүк тасымалдау көлемін ұлғайтып, дәстүрлі тауарларды тасымалдау бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етпек.
«ЖТ Жамбылдағы бөлімшесі» филиалы «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ-ының бір бөлігі және Шығысты Батыспен, Азияны Еуропамен байланыстыратын магистральды жол торабы болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанның транзиттік әлеуетін және отандық экспортты дамыту мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан Шу - Отар теміржол бөлігіндегі екінші жолдардың құрылысы», - деп түсіндірді сұхбат беруші.
Оның айтуынша, екінші жолдар пайдалануға берілгеннен кейін, аумақтағы жүктерді өткізу қабілеттілігін үш есеге - 25-тен 80 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Жүк пойыздарының жүру уақыты екі есеге қысқарады. Жобаны жүзеге асыру барысында 49 километрден астам негізгі жолдар салынып, тәулігіне 68 жұп пойыз өткізуге мүмкіндік береді. Қосымша жұмыс орындары да пайда болады.