Жамбыл облысын тамашалау үшін келетін туристер саны артты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Осы жылдың бірінші тоқсанында Жамбыл облысына 31 мың 144 турист келді. Олардың 467-сі шетелдік турист болса, қалған 30 мың 677-сі еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысын тамашалау үшін келетін туристер саны артты

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облысқа келген туристер саны 135 мың 712 адам, оның ішінде шетел туристерінің саны 2 872 адам.

Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембековтің айтуынша, былтыр туризм саласына салынған инвестиция көлемі 15 миллиард 12 миллион теңгені құрап, жылдық жоспар 146,5 пайызға орындалған.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 214 туристерді орналастыру орындары бар. Атап айтсақ, 182 қонақ үй, 1 қонақ жай, 8 балалар-сауықтыру лагері, 1 туристік база, 20 пәтер және 2 жалға берілетін үй.

Сондай-ақ, 434 тамақтану орны, 15 туристік ұйым, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 200-ден аса қолөнерші мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Туристік нысандар саны 65 болса, олар арқылы өтетін 45 туристік бағыт әзірленген.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қайда баруға болатыны туралы жазған болатынбыз.