Жамбыл облысында 280 мыңдай адам сақтандырылмаған
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындар саны 279 043 адамды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сақтандырылмағандардың ішінде 42446 жалдамалы жұмыскер, 6451 жеке кәсіпкер болса, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызмет көрсететін адам саны – 6185. Ал, 156 мыңнан астам тұрғын соңғы 12 ай ішінде жарна төлемегендіктен, олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі әлі анықталмай отыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова айтты. Спикердің сөзіне сүйенсек, өңір халқының 77,2 пайызы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие.– Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазіргі таңда облыс халқының 942 мыңнан астамы сақтандырылған. Жалпы, медициналық ұйымдарға 1 169171 тұрғын тіркелсе, 52043 азамат әлі де емханаларға тіркелмеген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен қаржыландырылатын бір бағыт – азаматтардың жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек көрсету. Соңғы уақытта бұл қызметке тұрғындардың сұранысы арта түсті. Мәселен, өткен жылы стоматологиялық клиникалардың көрсеткен қызметіне 2 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Қор тарапынан өңір тұрғындарын оңалту мақсатында 4 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, – деді ол.
Сонымен қатар, Ғайни Аймағанбетова ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Бағдарлама аясында өткен жылы 263 квота бөлінсе, биыл оның саны – 245.
Айта кетейік, осы жылдың 4 айында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалына 76 өтініш пен шағым түскен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,7 пайызға төмен.
Бұған дейін Жамбыл облысында тұрғындары түйнеме жұқтырған ауыл карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.