Жамбыл облысында 70-ке жуық адамды құтқарған ауыл әкімі марапатталды
Жамбыл облысы Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайлов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
10-11 ақпанда қатты боран соғып, Берікқара ауылдық округіне қарасты Майтөбе ауылының маңындағы Тараз - Қаратау тасжолында шамамен 35 автокөлік пен 70 жолаушы қар құрсауында қалған. Ауылдық округ басшысы әкімдік қызметкерлерінің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, құтқару жұмыстарын тиімді жүргізген.
Атап айтқанда, Қаратау - Тараз автомагистралінің бойында қасында екі немересі бар ауыл тұрғынының жолда қалғаны туралы хабарлама түседі. Оларды құтқару мақсатында жолға шыққан ауылдық округ әкімінің қызметтік көлігі де қар астында қалады. Алайда, Ербол Смайлов екі немересімен жолда қалған азаматты жаяу іздеп жүріп тапқан. Координатты округ аппаратының қызметкерлеріне ұялы телефон арқылы жеткізіп, әкімдік қызметшілері тез арада арнайы техника ұйымдастырады да, жолда қалған азаматтарды қауіпсіз жерге жеткізеді.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенше ауылдық округ әкімі жолда қалған өзге азаматтарды өз күшімен іздестіруді жалғастырып, жол үстінде түнеген. Осы уақытта округ әкімдігінің қызметкерлері бораннан аман қалған азаматтарды ауыл мешіті мен орта мектепке уақытша орналастыру жұмыстарымен айналысады. Таңда төтенше жағдайлар бөлімінің арнайы автокөлігімен ауылға жеткізілген әкім, алдымен қар құрсауынан құтқарылған азаматтармен кездесіп, оларды ыстық шай, тамақ және т.б. керек-жарақпен қамтамасыз етеді.
Осылайша, жолда қалған 70-ке жуық азамат құтқарылып, оларға алғашқы көмек көрсетілген. Округ әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері және де ауыл тұрғындарының арқасында 35 шақты автокөлік жол жиегіне шығарылып, иелеріне тапсырылды.
ҚР МҚІА төрағасы жолдаған Алғыс хатты Жамбыл облысы бойынша аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Лесбек Илебаев табыстады.
Айта кетсек, Ербол Смайлов Жамбыл облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте 8 жыл еңбек өтілі бар. Бүгінде үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр.
Фото: gov.kz