09:54, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Жамбыл облысында «А» (H1N1) тұмауының алдын алу жөніндегі шаралар жүргізілуде
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Күн сайын әлемдік жаңалықтар «А» (H1N1) тұмауының таралуы туралы жаңа мәліметтермен толығуда.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аймақта вирустың облыс аумағына енуіне және халық арасында таралуына жол бермеу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары әзірленіп отыр. Жоспар аясында індетпен күресті ұйымдастыру шаралары, аурудың алдын алу және онымен күресудің жолдары қарастырылған. Әсіресе шетелден, әсіресе тұмау тіркелген елдерден шошқа етінің әкелінуін қатаң бақылау шараларына айрықша назар аударылуда. Азық-түлік базарларында ет өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық сараптамасы күшейтіліп, шошқа фермаларында, жеке шаруашылықтарда қатаң санитарлық-гигиеналық режім қамтамасыз етілді. Облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Серік Қасмақасовтың айтуынша, аймақта Қырғызстанмен арадағы шекарада, әуежай мен теміржол стансыларында тәулік бойы жұмыс істейтін 12 санитарлық-карантиндік бекет жұмыс істейді, олар телефонмен, ұялы байланыспен және дәрі-дәрмектермен қамтылып отыр. Облыстың 12 стационарында резервтік керуеттер әзірленді, 658 медициналық қызметкерлер оқытылды. Облыстың барлық туристік фирмаларына «А» тұмауының алдын алу мәселелері бойынша нұсқаулық берілді.