Жамбыл облысында алаяқ такси жолаушыларының смартфоны арқылы ақша ұрлаған

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда банк мобильді қосымшалары арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен әйел адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында алаяқ такси жолаушыларының смартфоны арқылы ақша ұрлаған

Жамбыл облысының полиция департаменті белгілі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылатын алаяқтықтың жаңа әдісі туралы мәлім етті. Органнан хабарлағандай, Тараз қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына 20 жастағы тұрғын банктегі есепшотынан 48 000 теңге жоғалғаны туралы арыз түсірген. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Жамбыл облысының 25 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.

«Күдікті көлікте келе жатып, жәбірленушінің мобильді банк шотындағы ақшаны ұрлап үлгерген. Жігіт есепшотынан ақша аударып жатқан кезде әйел төрт таңбалы құпия кодын көріп, есте сақтап қалған. Артынша қоңырау шалу үшін жігіттің телефонын сұрап алып, өз есепшотына ақша аударған. Ол дәл осы әдіспен Шымкент қаласы тұрғынының телефоны арқылы 100 мың теңге көлемінде ақша жымқырған», - дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе түзеу жұмыстары немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.