Жамбыл облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағының бортында болған жандардың бірі іздестірілуде
Жамбыл облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағандай, 20 қаңтар күні сағат 15.40-та Қызылорда облысының ТЖД-інің кезекшісінен Жамбыл облысының ТЖД-інің «112» пультіне Төле би ауданы орталығынан шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта, Шу ауданына ұшақтың құлағаны туралы суыт хабар келіп түскен. Сағат 17.01-де Жамбыл облысының Шатыркөл кен орнының («Балқаштүстімет» ЖШС, оқиға орнынан 20 шақырым қашықтықта) қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жерге құлап жатқан әуе көлігін тапқан. Оның ішінен бес адамның денесі табылған. Апаттан тірі қалған жолаушы әйел ауруханаға жеткізілген.
«Қазіргі сәтте осы ұшақта болған жетінші адамды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. АН-2 ұшағы Балқаш-Шатыркөл бағыты бойынша бағдар алған. Қарағанды облысының Балқаш қаласынан ол сағат 12.09-да ұшып шыққан. Ал Жамбыл облысындағы Шатыркөл маңына сағат 14.40-та қонуы тиіс болған», - дейді Жамбыл облысының ТЖД-інің өкілі Сәуле Мұңатаева. «Шатыркөл» кен орнының директорының айтуынша, ұшақ бортында барлығы жеті адам болған, олардың үшеуі - экипаж мүшелері (2 ұшқыш пен борт серігі) және төрт жолаушы - «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-інің қызметкерлері. Ұшақ құлаған ауданға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл» кен орны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, Қарағанды және Жамбыл облыстары Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару бөлімшелері және Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жіберілген.