Жамбыл облысында аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған тұрғын ұсталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Шу ауданында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтады деген күдікпен 47 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол 1 миллион теңгеге есірткі сатуды жоспарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ҚР ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп жүргізген.
Тінту жұмыстарын жүргізу барысында жалпы салмағы 3 келі 800 грамм есірткі заты бар пакет табылған. Сараптама нәтижесінде бұл гашиш есірткі заты екені анықталды. Күдікті бұрын есірткіні белгілі бір орынға жинап, көміп қойып, пакетті үйіне алып бара жатқан кезде ұсталған. Ол қара базарда бұл есірткіні 1 миллион теңгеге сатуды жоспарлаған. Ер адам есірткімен байланысты қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған.


«Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі, яғни, аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Бұл бап 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында героин контрабандасының жолы кесілгенін жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар