23:00, 03 Маусым 2023 | GMT +5
Жамбыл облысында героин контрабандасының жолы кесілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Іс-шараның бірінші күні Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚК Шекара қызметі департаментімен бірлесіп Қырғыз Республикасынан Қазақстанға героин жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полицейлер бұрын есірткі сақтағаны үшін сотты болған Алматы облысының тұрғынын ұстап, одан салмағы 700 грамнан асатын «героин» есірткі затының 2 полиэтилен пакетін тәркіледі. Күдікті әйел өз кінәсін толық мойындады.
16 миллион теңге болатын тәркіленген партия 1500-ден астам адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі 286-бабының 4-бөлігі, атап айтқанда, аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы және 297-бөлігі 3-бөлігі, яғни, аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Бұл баптың санкциясы күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Бұған дейін Жамбыл облысында 4 айда 528 келі есірткі заттары тәркіленгенін жазған болатынбыз.