Жамбыл облысында «Ата мен немере» монументі ашылды

Ауылдың ажарын айшықтай түскен монументтің жалпы құны 1 жарым миллион теңгені құрайды. Монумент авторы – мүсінші Сұңғат Қожағұлов қазақы ою-өрнек түрінде пішінделген пәлсапалық туындыны ата мен немере табиғатына ұтымды ұштастыра білген.
Жалпы, бұл ауыл мектеп түлектерінің алғашқы да, соңғы да тартуы емес. Ауылға 1974 жылғы азаматтар «Street Workout»-ты пайдалануға берсе, 1972 жылы туған азаматтар Мәдімар мешітіне еуро қақпа орнатқан. 1982 жылғы түлектер мешітке 100 адамдық бастырма, одан кейінгілер пеш соғып, шатыр (палатка) сыйлаған. 1986 жылғы азаматтар қорым басына 3 бастырма орнатса, 1966 жылғы азаматтар «Алғашқы механизаторлар» аллеясына еуро қақпа салған.
Монументтің ашылуы барысында игі іске бастамашы болған түлектерге ауыл әкімінің атынан Алғыс хат табысталып, қариялар ақ батасын берді.
Бұған дейін Таразда қаламгер Әлдихан Қалдыбаевты еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылғанын жазған болатынбыз.