Жамбыл облысында бір тәулікте бірнеше өрт тіркелді
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы берген мәліметтерге сүйенсек, 31 мамыр күні сағат 11.06-да Шу ауданы Далақайнар ауылындағы төрт көршілес тұрғын үйлердің қоралары және шөпханасы отқа оранған. Оқиға орнына Шу ауданы №19 және Шу қаласы №5 өрт сөндіру бөлімдерінен барлығы 5 адамнан құралған жеке құрам мен 2 өрт сөндіру автокөлігі барады. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 1 сағат 45 минутта толық сөндірген. Өрттің жалпы ауданы 120 шаршы метрді құраған. Өрт кезінде үш бас мал және бір үйдің қорасы мен шөпханасы түгелдей өртеніп кеткен.
Сонымен қатар, сағат 16.35-те Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылындағы тұрғын үйдің ауласында шөп қораны өрт шалған. Жалынды ауыздықтауға 5 өрт сөндіруші-құтқарушы мен 2 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылып, тілсіз жау 2 сағаттан астам уақытта толығымен сөндірілген. 100 шаршы метр аумақты қамтыған өрттің салдарынан шөпхана мен ондағы 150 түк шөп жанып кеткен.
Келесі өрт оқиғасы сағат 17.51-де Жамбыл ауданы Аса ауылындағы тұрғын үйдің ауласынан шыққан. Мұнда да шөпке өрт тиген. 80 шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 адамнан құралған жеке құрам 1 сағаттан астам уақытта сөндірген. Өрт салдарынан 250 түк немесе 5тонна шөп жойылған.
Сондай-ақ, 1 маусым күні сағат 02.58-де Тараз қаласының Көктерек көшесіндегі тұрғын үйдің ауласындағы монша отқа оранған. Өрт шарпыған аудан көлемі – 30 шаршы метр. Оқиға орнына Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 ТЖ қызметкері өртті 23 минутта ауыздықтаған.
Сондай-ақ, дәл осы күні сағат 03.51-де Меркі ауданы Аспара ауылының жанында, Алматы-Ташкент тасжолының 280 шақырымында халық тұтынатын тауарлар тиелген жүк автокөлігінің тіркемесі өртке оранған. Өрт сөндірушілер өртті 1 сағаттан астам уақытта жойған.
Бұған дейін Жамбыл облысында демалыс аймағы өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.