Жамбыл облысында фосфогипс бақша шаруашылығына зиян келтіріп отыр - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл минералды тыңайтқыштар өндірісі 2 есе өсті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Бекболат Орынбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында Жамбыл облысының ауыл тұрғындарының проблемаларын жария етті. Депутаттың өңірге сапары барысында жергілікті тұрғындар қоршаған ортаның ластанып жатқанын, атап айтқанда, өңірдегі химия өнеркәсібінің өндіріс қалдығы туралы, құрамында көп мөлшерде фосфогипс бар қоқысты тастайтын жерге қатысты проблеманы көтерді.

Депутат келтірген деректер бойынша, өткен жылы тасталған фосфогипс қалдықтарының лимиті жылына 1,3 млн тоннаны құраған көрінеді. Минералды тыңайтқыштар өндірісі биыл 2 есе өскен, яғни қалдықтар бұрынғыдан да көп болады. Есеп бойынша жылына 2,7 млн тонна қалдық болады.

Сенатор Тараз қаласындағы екі үйіндіде 14 млн тоннадан астам фосфогипс жиналғанын айтты. Ауданы 25 га болатын үйінділердің бірі Шайқорық ауылынан бір шақырым жерде орналасқан.

«Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Мәселен, дауылды жел көтерілген кезде үйінділерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауыл шаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр. Сондай-ақ, жақын маңдағы ауылдарда адамдардың тынысы тарылатын кездерде жиі болатынын жеткізген еді», - деді сенатор.

Бекболат Орынбеков сондай-ақ Тараз қаласынан 20 шақырым жерде ауданы 135 га болатын үшінші үйінді салу жоспарланғанын айтты, алайда бұл үйінді 2025 жылы ғана іске қосылатын болады.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысы Ә. Смайыловтан фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады және топырағы тозған жерді дақыл өсіру үшін ауыл шаруашылығында пайдалануды ұсынды.

«Сонымен қатар, фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта, «Павлодар-Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материалын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участік бөлініп, бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді депутат өз сауалында.


Соңғы жаңалықтар