Жамбыл облысында қант қызылшасын жинау басталды

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан хабарлағандай, биылғы жылы бұл дақыл 5 360 гектар алқапқа егілген болатын. Бүгінде оның 200 гектарынан өнім жиналды. Орташа түсімі гектарына 160-190 центнерден келеді.
Жамбылдық қант қызылшасының сатып алу бағасы биыл да бұрынғыша қалды. Мерке қант зауыты қазанның басынан тәтті түбірдің бір келісін 13 теңгеден қабылдауда.
Қант қызылшасын еккен Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің айтуынша, мемлекет бүгінде қызылшашыларға едәуір қолдау көрсетуда. «Жеңілдікпен тыңайтқыш, ЖЖМ, субсидиялар алуға болады, - дейді Б.Құлекеев. - Мәселен, қант қызылшасына субсидиялар екі рет: гектарына алғашқы 50 мың теңге тұқым себу аяқталғаннан кейін, ал 2,5 мың теңге бір тонна үшін егінді қант зауытына тапсырғаннан кейін беріледі»,
Еске сала кетейік, өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері Жамбыл облысы бағалы техникалық дақыл - қант қызылшасын 42 мың гектардан астам алқапқа салып келді, түсімі орташа есеппен алғанда гектарынан 300 центнерге дейін жетті.
90-шы жылдары жамбылдық қызылша өсірушілер үшін «оңтайландырудың» қиын кезеңдері басталды, агроқұрылымдар таратыла бастады, кадрлар бытырап кетті, арнайы техника мен технологиялар болмады. Соның ніәтижесінде 2009 жылы қант қызылшасының егісі өңір шаруашылықтарында 1,7 мың гектардан да азайып кетті. 2008-2012 жылдарға арналған қант қызылшасы шаруашылығын және қант өндірісін дамыту бағдарламасы салаға жан бітірді.
Бүгінде 60-тан астам Социалистік Еңбек Ерлерін шығарған қызылшашылар бұл бағалы дақылды қайта түлетіп, оны өсіру технологиясын қалпына келтіруге, оның түсімін арттыруға және қызылша шаруашылығының бұрынғы даңқын қайтаруға тырысуда.