Жамбыл облысында Қазақстанда жоқ «Моцарелла» ірімшігі шығарылып жатыр
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жеке кәсіпкер Орынбасар Мешелов моцарелланың құрамын өзі жасаған. Оның отбасылық кәсібі 2011 жылы өз жұмысын бастаған. Алғашқыда мал өсірумен шұғылданған отбасы бүгінде сүт өнімдерін игеріп, олардан май, чечил, ірімшік сынды өнімдерді шығаруды қолға алған.
«Моцарелланы шығарғанымызға он шақты ғана күн болды. Құрамын тауып, оны әзірлеуге он күндей уақыт жұмсадық. Бірақ нәтижесі жақсы болды. Менің келіндерім осында бірі технолог, бірі инженер болып жұмыс жасайды, ал өзім химикпін. Осы себепті де моцарелла өнімінің құрамын тауып, оны дайындау аса қиын болмады, дегенмен біраз уақыт жұмсадық. Қазақстанда алғаш болып қолға алғандықтан аталған өнім сұранысқа ие, әрі шет елден келетін моцарелладан бағасы да арзан», - дейді жеке кәсіпкер Орынбасар Мешелов.