Жамбыл облысында Қордай асуын айналып өтетін жол қайта жөнделеді

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облысындағы филиалының басшысы Дәурен Тоқтаровтың айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында «Казахдорстрой» ЖШС мердігер ұйымымен «Қордай асуындағы айналма жол» (162-260 км Меркі-Шу-Бурылбайтал) учаскесін қайта жөндеу бойынша келісімге қол қойылған.
«Жоба автожолдың қалған 40 шақырым бөлігінің, сондай-ақ Отар стансасы мен Благовещенкадағы екі жол-эксплуатациялық кәсіпорнының, жол-патрульдік қызмет бекетінің құрылысын қарастырады», - деді Д.Тоқтаров.
«СП Рекма КЗ» ЖШС мердігер ұйымымен шілде-тамыз айларында республикалық маңызы бар «Шығыс бөліктегі Қырғызстанға кіреберіс» тасжолының 6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу келісімі жасалды.
Облыстық әкімдіктің мәлімдеуінше, 2016 жылы өңірдегі транспорттық инфрақұрылымның дамуына 9,9 млрд теңге бағытталып, 15,2 км автожол салынды, 496 км жол жабындысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.