Жамбыл облысында құрама жем шығаратын зауыт ашылды

Былтыр құрылған зауыттың жалпы құны 4,4 миллиард теңгені құрайды. Зауыт жылына 96 мың тонна жем өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.
«Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аймақта егін егіп, мал өсірумен қатар, құс шаруашылығын дамытудың да мүмкіншілігі жоғары. Осы орайда, құс еті өнімін арттыру және бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі ашылып отырған «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасына қарасты жем өндіретін зауыттың болашағы зор десек, қателеспейміз.
Жалпы, облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермасымен 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселелесі шешіледі деп күтілуде», – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, бұған дейін Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлаған болатынбыз.