Жамбыл облысында қымызбен емдеу мекемесі ашылады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында «Шәушен» шаруа қожалығы бар. Осы шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев інілері Мейрамбек және Қалимен бірлесіп Қазақстандағы ірі мал шаруашылығының бірін басқарып отыр. Мұнда мың бас еділбай қойы, жүздеген өгіз, қазақы тұқымды жылқы малы бар.
None
None

Бұдан өзге, шаруа қожалығының өз жайылымы, шөп шабындығы мен егістігі бар, соның арқасында мұндағы мал өз жем-шөбімен қамтылады.

С.Дөненбаев Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып елордалық сауда орталықтарына ет өнімдерінің ауқымды көлемін жеткізді. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, 2014 жылы қымыз өндіру үшін өз қаражаттарына құны 250 млн. теңге тұратын жылқы фермасы жобасын іске қосқан. Бүгінгі таңда мұнда әр биеден 9 литрге дейін саумал сауылады. Қожалық қоймасында 16 мың литр қымыз сақтаулы. «Тау етегінде қымызбен емдейтін орын құрылысын жүргізіп жатырмыз, - дейді С. Дөненбаев. - «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау алуды жоспарлап отырмыз, өйткені қымызбен емдеу орнына дейін 5,5 шақырым жолға асфальт төсеу қажет». Мейрамбек Дөненбаевтың ойынша, халық арасында таралған әдіспен әзірленген қымыз механикаландырылған жабдықта дайындалған сусыннан гөрі дәмдірек, әрі оның емдік қасиеті де күштірек. Айта кетейік, ағайынды Дөненбаевтар Рысқұлов ауданының тыныс-тіршілігіне белсенді түрде атсалысуда. Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтқанын ескере отырып, кәсіпкерлер Жеңістің 70 жылдығына орай өз қаражаттарына туған ауылдары Жарлысуда Мәңгілік алау орнатты, оның маңындағы алаңды абаттандырды. Ал бұған дейін, 2012 жылы мешіт пен балалар интернатын салып берген еді.

Соңғы жаңалықтар