Жамбыл облысында Мәскеуге жіберілуі тиіс 14,7 кг героиннің жолы кесілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстанның және Қырғызстанның полиция қызметкерлерінің бірлескен операцияларының нәтижесінде героин есірткісінің ірі көлемі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінен хабарланғанындай, осы департаменттің есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері мен ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымын бақылау департаментінің өкілдері қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп, Мәскеуге жөнелтілуі тиіс салмағы 14 келі 730 грамм болатын ірі көлемдегі героин есірткісінің жолын кесті.

«Есірткі тасымалдаушыны ұстау операциясы Жамбыл облысының Қордай ауданында, 1 қараша күні кешкісін «сырттан бақыланатын есірткі тасымалдау» жедел-іздестіру шарасының барысында жүзеге асырылды»,-деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Көше бойында тұрған «Ауди-100» автомашинасының салонынан героин салынған 15 түйіншек табылды. Түйіншектің сыртында араб тілінде жазылған сөздер мен жылқының суреті бар. Автокөліктің иесі Қордай ауданы Сортөбе ауылының 52 жасар тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат істеген ісін мойындады және ол Қордай аудандық уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында шекаралардың ашылуын криминалдық элементтер де, соның ішінде есірткі тасымалдаушылар да пайдаланып қалуға тырысуда. Сондықтан қазіргі таңда достас мемлекеттердің құзырлы органы өкілдерінің ынтымақтастығы аса маңызды»,-деді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.

Соңғы жаңалықтар