Жамбыл облысында оқушыларға 2 млрд теңгеге жуық қаржы үлестіріледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Биыл Жамбыл облысында «Мектепке жол» акциясы аясында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 48 671 балаға 40 567 теңгеден 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, қаражат Тараз қаласындағы ата-аналардың жеке шоттарына жіберіліп жатыр. Ал, аудандарда 10 тамызға дейін аударылады.

Өткен жылы осы акцияның аясында демеушілер есебінен 7 656 балаға 108 миллион 308 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген болатын.

Айта кетейік, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін жыл сайын жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады.

Биыл дәстүрлі қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен өткізіледі.

Бұған дейін Жамбыл облысында 15 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа қабылданғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар