Жамбыл облысында орманшыларға 6 қызметтік көлік тапсырылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының орманшыларына жол талғамайтын 6 УАЗ-236324 автокөлігі табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, бұл салаға биыл 280 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты.

«Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғауда әсіресе, орман өртінің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Өңірімізде орман өртін болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл орман шаруашылығы, «Сапсан жедел қызметі» және «Жамбыл су қоймасы» мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге қаржы қаралып, қажетті техникалар алынуда. Мәселен, біз өткен аптада ғана жаңа техникалардың бір бөлігін тапсырдық. Оның ішінде МТЗ маркалы 9 трактор мен ауыл және орман шаруашылығы техникалары бар.

Жалпы, облыста осы саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2018-2022 жылдары 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде техникалардың жаңару деңгейі 78 пайызға жетті. Орманшыларға алдағы уақытта «Сапсан жедел қызметінің» арнайы автокөлігі мен жылжымалы вагон да берілетін болады», – деді Қанатбек Мәдібек.
Айта кетейік, облыс аумағының 31 пайызға жуығын, яғни, 4,4 миллион гектарын мемлекеттік орман қоры құраса, ондағы 15 орман шаруашылығы мекемесінде 932 қызметкер бар.
Бұған дейін Жамбыл ауруханаларына 20 реанимобиль мен 20 санитарлық автокөлік алынатынын хабарлағанбыз.


