Жамбыл облысында соғыс ардагерлерінің жесірлеріне төлемдер төлеуден заңсыз бас тартқан

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге байланысты оның қатысушыларына, мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар санаттарына сәйкес материалдық көмек түрінде біржолғы ақша қаражаттары төленді. Алайда, Жуалы ауданы әкімдігінің лауазымды адамдары заң талаптарын дұрыс түсінбегендіктен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 19 жесіріне оларға тиесілі материалдық көмекті төлеуден заңсыз бас тартып, олардың құқықтарын бұзған.
Лауазымды адамдар қаражаттарды төлеуден бас тартудың басты себебі ретінде қаражаттарды алуға тиіс адамдар құжаттар тапсыру мерзімін өткізіп алғандығын атады, сөйтіп, Үкімет қаулысында мұндай жағдайларда құжаттар қабылдау мерзімін ұзарту қарастырылғаны ескерілмеген.
Қазіргі кезде аудан прокуратурасы ардагерлер жесірлерінің құқықтарын қорғау мақсатында, сондай-ақ оларға тиесілі ақша қаражаттарының төленуі үшін заңдылықтың бұзылуын жою жөнінде ұйғарым шығарды.