Жамбыл облысында судьялар Елбасы мақаласын талқылады
Судья Мирагүл Алиманова өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы екенін атап өтті. Оның сөзінше, Н. Назарбаевтың ұлттық тарихымыздың терең де мағыналы өткенін бүгінгі ұрпаққа жеткізу мақсатындағы мақаласы - тарихымызды жаңғыртатын уақыт келгенін білдіреді.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткен тарихымыздың жаңа парағын ашты. Ұлттық болмысымызды айшықтайтын мәдениетімізді, өнерімізді, өткен тарихымызды жаңғыртудың уақыты келіп жетті. Мақалада айтылған дүниелердің көкжиегі кең, ойлары тереңде жатыр. Ол еліміздің тарихи санасының ары қарай қалыптасуына ықпал етуде. Бұл Ұлы даланың жеті қырында мәдениетіміз, тарихымыз, әдеп-ғұрпымыз және де болашағымыз жатыр. Осы бағытта алға қойылған мақсаттарға жаңа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы қол жеткізіледі», - деп атап өтті аудандық соттың судьясы Мирагүл Алиманова.
Іс-шара соңында судья М.Алиманова өз ойын Елбасының «Өткенге мақтаныш,бүгінгі күнді прагматикалық бағалау, болашаққа оң көзқарас - бұл біздің еліміздің жетістігінің кілті» деген сөзімен түйіндеді.
Семинарға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, Елбасының мақаласын белсенді талқылады.
Айта кетейік, 21 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын. Онда Мемлекет басшысы ел тарихына қатысты жаңа жобалар ұсынып, оны бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы ретінде қарастыратынын айтқан.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту - еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Ғибрат Сембай