19:25, 15 Ақпан 2013 | GMT +5
Жамбыл облысында тағы бір алтын кен орны табылды
ТАРАЗ. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданында алтынды кен орны табылды.

Аудан әкімі Марат Смайыловтың айтуынша, «Golden Compass Jambyl» ЖШС-нің 2012 жылдың сәуір айынан тамызға дейін жүргізген геологиялық барлау жұмыстары оң нәтижесін берді.
Аудан аумағында қорының көлемі зерттеліп жатқан алтынның «Көкқия» кен орны табылды. «Golden Compass Jambyl» бұл жобаға үш миллион доллар бөліп, құрал-жабдықтар сатып алуда, бағалы металды өндіруге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Компания Алматыда тіркелген, бірақ жұмыстардың басталуына орай ол біздің ауданымызда да тіркеледі, яғни аудандық бюджет қомақты салық түсімдерімен толығатын болады», - дейді М.Смайылов.
Аудан тұрғындары сондай-ақ жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуынан үмітті.