Жамбыл облысында туристік маусым басталды
Дәстүр бойынша Қырғыз Алатау тауларында, Қараарша шатқалында іс-шаралар өткізіліп, оған жамбылдық туризм мен альпинизмінің ардагерлері, осы саланың жас мамандары қатысты.
«Шатқалға кіре берісте біз облыстағы туризм мен альпинизмнің дамуына өмірін арнаған және әртүрлі тауға шығу барысында қаза тапқан адамдардың аты-жөндері жазылған тақтайша орнаттық», - деді аймақтағы туристік қозғалыстың белсенді мүшесі Асылбек Әбдіжапаров. Бұл адамдар Георгий Иванов, Александр Горбатенко, Виталий Прокопьев, Евгений Бондаренко, Павел Гофман және тағы басқалар.
Тараз қаласындағы мектептердің жастары дәстүрлі туриадаға қатысты, олар таулы жолдардан өту және таулы өзендерден секіру сәттерін, шатырлар тігіп, алғашқы медициналық көмек көрсету мен алауға тамақ пісіру дағдыларын көрсетті.
Бұл тапсырмалардың барлығын Тараз қаласы №31 орта мектебінің «Қырандар» командасы өте жақсы орындады.
Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті «Туризм» мамандығының оқытушысы Нәзира Таукенованың айтуынша, бұл мамандыққа деген жастардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. «Егер бұрын осы мамандық тобында 5-6 адам оқыса, биылғы жылы 20 студент білім алуда. Біз олармен бірге Жамбыл облысындағы Ақсу-Жабағылы қорығына барып, сондағы көрнекті орындарды зерттеуді жоспарлап отырмыз», - деді Н. Таукенова