Жамбыл облысында үдемелі технологиялық тәсіл бойынша егілген алма бақтары көбейіп келеді (ФОТО)

Мұндай алма плантацияларының негізгі артықшылықтары - алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы, яғни егілгеннен кейін 2-3 жылдан соң алғашқы өнім алуға болады.
Өңірде барлығы 3 634 гектарда жеміс-жидек дақылдары егілсе, оның 2 672,8 гектарынан өнім алынып отыр.
2015 жылы бақ егудің үдемелі технологиялық тәсілі бойынша Жамбыл ауданындағы «Сады востока» ЖШС, «Шоқай-Жеміс» және «Агро KZ» шаруа қожалықтары, «Altyn alma» ауылдық тұтыну кооперативі, Меркі ауданындағы «Ақ-арал» өндірістік кооперативі және «Совет» шаруа қожалығы, Байзақ ауданындағы «Ниет» шаруа қожалығы жұмысын жүргізіп отыр.
Шаруалар бақ өсіруде Түркия, Польша және Қытай тәжірибесін пайдаланады. Бұл бақтарда негізінен тамшылатып суару тәсілі қолданылады.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің көмегі де аз емес.
Үдемелі алма бақтарын отырғызған кезде, инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша, алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызына дейін қайтарып берсе, 12 пайыздық үстеме ақымен алынған қарыздың 7 пайызын «ҚазАгроҚаржы» АҚ төлеп береді.
Ағымдағы жылы жаңадан 172 гектарда үдемелі техонология қолданылатын алма бақтарды егу жоспарда бар. Атап айтсақ, Қордай ауданында - 5 гектар, Меркі ауданы - 55 гектар және Жамбыл ауданында - 112 гектар.
Аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы үдемелі алма бақтарының көлемін 1600 гектарға жеткізу жоспарға қойылған.
Алдағы уақытта, тек үдемелі бақтар облыстың тұтыну нормасын 85,7 пайызға қамтамасыз ететін болады.