Жамбыл облысында үш жылда 3 мың шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірдегі өзекті мәселелердің бірі - автокөлік жолдарының жағдайы. Жергілікті маңыздағы жолдардың желісі 4 мың шақырымнан астам қашықтықты қамтиды. 2010-2013 жылдары жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге 24 млрд. теңге бағытталған.
«Осы жылдары біз бұл қаржыға 74 шақырым жолға толық жөндеу жүргіздік. Орташа жөндеу жұмыстарымен 1800 шақырым, ағымдағы жөндеумен 3 мың шақырым қамтылды»,-деп тоқталды әкім.
Қ. Бозымбаев сонымен қатар, Жамбыл облысы арқылы 2010 жылдан бері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автобанының құрылысы жүріп жатқандығын еске салып өтті. Бұл жолдың 495 шақырымы аталған өңірдің аумағымен өтеді. Бүгінде осы жол учаскесінің 300 шақырымға жуығы пайдалануға берілді.
Халықаралық көлік дәлізі бойында қызмет көрсетуді дамыту мақсатында осы жолда жағармай құю және қонақ үйлер қамтылған нысандардың құрылысы белгіленді. Биыл және алдағы жылдары бұл жобаларды жүзеге асыру қарастырылып отыр.