Жамбыл облысында вагондардың рельстен шығып кетуі салдарынан зақымдалған темір жол бөлігі қалпына келтірілді
«Бүгінгі күні пойыздардың қозғалысы темір жолдың жұп және тақ жолдары бойынша қамтамасыз етілген. Тақ жолды қалпына келтіру жұмыстары Жамбыл және Арыс (ОҚО) стансаларының екі апаттық-құтқару пойызының күшімен толық көлемде аяқталды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда Тараз қаласынан 65 шақырым жердегі Жамбыл-Түлкібас учаскесінің Маймақ-Күркіреусу өткелінің 3469 шақырымында Қарағанды-Өзбекстан Республикасы бағытымен келе жатқан 54 вагоннан құралған №2007 жүк пойызының 12 жүк вагоны жолдан шығып кеткен болатын. Соның салдарынан 16 жолаушылар пойызы кестелерінен кейінге шегеріліп, шамамен 100 метр тақ жол желісі зақымданды. Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге барлығы 200-ден астам адам мен 20 техника жұмылдырылды. Рельстен шығып кетпеген 42 вагонды сүйреп әкетілді, соның ішінде сұйық пропаны бар алты цистерна болған. Апаттық вагондар комиссиялық терегу жүргізу үшін айдап әкетілді, деп нақтылады аймақтық ТЖД-інен.