Жамбыл облысында жаңа құс фабрикасы ашылады

ТАРАЗ - АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында алдағы уақытта жаңа заманауи құс фабрикасы ашылады. Құс өсіру кәсіпорны қызметінің негізгі бағыты - бройлер балапандарын өсіру және құс етін шығару.
None
None

Жаңа құс фабрикасы жылына 3,5 мың тонна ет дайындайды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
2010 жылы Байзақ ауданының Мырзатай ауылында «Әулие-Ата Феникс» ЖШС құрылды. 2013 жылы кәсіпорын «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның қаржылық көмегін алды. Өткен жылдың соңында құс фабрикасын қалпына келтіру және жаңғырту жобасы басталды. Жобаның жалпы құны 1 516,0 млн. теңгені құрайды. Соның ішінде жеке қаражат үлесі - 248 млн. теңге.

Сондай-ақ жоба «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша құс фабрикасына инфрақұрылым өткізуге (сумен жабдықтау, газдандыру, электрмен жабдықтау) 547 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Құс фабрикасы Голландия технологиясымен жұмыс істеуді жоспарлауда. Кәсіпорында жеке азықтандыру цехы, инкубатор, құс соятын цех, тазартқыш ғимараттар кешені бар.

Жобаны іске асыру кезінде ең заманауи жабдықтар мен әлемге танымал өндірушілердің ең жаңа технологиялары қолданылады. Құс фабрикасының барлық нысандары бойынша жабдықтарды жеткізу және орнату келісімдері жасалған.

Құс фабрикасын іске қосу ағымдағы жылдың жазына қарай жоспарланған. Оның ашылуымен бірге Мырзатай ауылының тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары құрылады.

Соңғы жаңалықтар