Жамбыл облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шоқай ауылында 150 орындық №3 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Қазіргі таңда облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешімін тауып жатыр. Бұл өз кезегінде білім саласында бірқатар жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров мектептің ашылу салтанатында.


Сондай-ақ, ол облыс басшысының атынан мектепке 10 ноутбукты сыйға тапсырды.

Жаңа мектепте асхана, спорт және мәжіліс залы, шеберхана, кітапхана, тігін бөлмесі, робототехника секілді қажетті бөлмелер бар. Білім ордасында 200-ден аса оқушы оқиды, олардың жартысынан астамы ыстық тамақпен қамтылады.


Биыл білім саласына 284,8 млрд теңге бөлінді, бұл – облыс бюджетінің 50 пайызынан астамы. 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, 11 нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады.

Бұдан бөлек, 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, 2,5 млрд теңгеге мектептер жаңғыртылып жатыр, оның ішінде білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,8 млрд теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар