Жамбыл облысында жылдамдық асырып, жол ережесін бұзғандар көбейген

Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 6 ай ішінде облыста 324 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жылдамдықты асырғандар саны 4,5 мыңнан 8 мыңға дейін өскен. Жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзудың 8,5 мың дерегі анықталған.
Осыған орай, облыс полицейлері азаматтарды жол-көлік оқиғаларының алдын алуға өз үлестерін қосуға шақырды.
Іс-шараға алғашқылардың бірі болып атақты спортшылар, облыстық мешіт имамдары, журналистер атсалысты.
Паралимпиада ойындарының чемпионы, жүзуден ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зульфия Ғабидуллина, «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, бокстан әлем чемпионатының 2023 жылғы күміс жүлдегері Дулат Бекбауов, облыстық hибатулла Тарази мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жүргізушілерге бейнеүндеу жолдап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
«Жүргізушінің бір асығыс қадамы қайғылы жағдайларға әкеледі, бала әкесінен, анасынан айырылады. Құрметті жерлестер, жолдарда абай болайық! «Тәртіпке бас иген құл болмайды». Бір қателіктің көптеген адамдардың өмірін бұзуына жол бермейік, – деді өз үндеуінде Бейбіт Ыстыбаев көлік жүргізушілеріне.
Бұған дейін Жамбыл облысында жыл басынан бері 121 көлік апаты орын алғанын хабарлаған болатынбыз.