Жамбыл облысының әкімдігі «БЖК - 2020» бағдарламасына қатысушы екінші деңгейлі үздік банкті марапаттады

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2012 жылдың нәтижелерін қорытындылауға арналған кеңейтілген жиналыста айтылды. Онда «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның кәсіпкерлікті дамыту және қолдау көрсету бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы үлкен жауапкершілігіне және белсенді азаматтық ұстанымына жоғары баға беріліп, қаржы институты «үздік банк» марапатына ие болды.
Банктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2012 жылы Жамбыл облысы бойынша «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген 88 өңірлік жобаның 19-ы Қазақстан халық банкі арқылы қаржыландырылды. Жалпы алғанда, облыс көлемінде былтыр субсидияландыру шарттарын қаржыландыру ауқымы 5 096, 03 млн. теңгені құрады. Оның ішінде Халық банкінің Жамбыл облыстық филиалынан қаржыландырылған жобалар сомасы 1445,2 млн. теңге болды. Халық банкінің қатысуымен мақұлданған облыс көлеміндегі жобалардың басым бөлігі көлік және қойма жалдау секторының (26,3%), ақпарат және байланыс (21%) саласының, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің (21%) үлесінде.