Жамбыл облысының әкімі дауыл салдарын жою жұмыстарын қысқа уақытта аяқтауға уәде етті

«Тараз қаласы қатты зардап шекті, әсіресе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Жел төрт корпустың шатырын түгел ұшырып әкетті. Перинаталдық орталық та қатты зардап шекті - шатырдың1,5 мың шаршы метрі бүлінді. Аудандарда ондаған мектептің шатырлары жартылай зақымдалды. Шуда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық емхананың төбе жабындылары түгелдей көкке ұшты. Барлығы облыс бойынша 67 - білім беру, 7 - денсаулық сақтау, 8 - мәдениет және басқа да нысандардың жабындылары бүлінді. Қалпына келтіру жұмыстары қарқынмен жүруде. Сумен және газбен қамту барлық жерде 100 пайы берілді. ЖЭО екі блокпен жұмыс істеуде. ГРЭС үш блокпен 400 МВт электрэнергиясын таратуда. Қалалық аурухананың травматологиялық бөліміне 35 адам жүгінген. Үшеуі - бас-ми жарақатымен, бірақ ауыр халде емес. Олар қазір ауруханада жатыр. Қалғандары көрсетілген медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылды», - деп атап өтті өңір басшысы.
Көкірекбаев Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдай жарияланғандығын мәлім етті. «Құрылған комиссиялар келтірілген шығын көлемін есептеумен айналысуда. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тиісті тапсырмалар жүктеді. Қалпына келтіру жұмыстарын қысқа уақытта аяқтаймыз», - деп нақтылады аймақ басшысы.
Бүгінгі уақытта Жамбыл облысы бойынша басты түйіткіл халықты электрэнергиясымен қамту болып отыр. Дауыл салдарынан 53 мың абонент жарықсыз қалды. Тиісті бригадалар түнімен жұмыс істеді, бірақ 37,7 мың абонент әлі да электр жарығынсыз қалып отыр. Шенеуніктер ең көп дегенде бір апта ішінде бұл мәселені шешуге уәде етті.