Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жасөспірім велошабандоз Дінмұхамед Ұлысбаевты құттықтады

Бұған дейін Жапониядағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған тараздық спортшы жасөспірімдер арасында Еуропадағы беделді Әлем кубогының көпкүндігіне қатысты.
Кубок әртүрлі елдерде үш кезеңмен өткізілді, бұл жарыстарға 25 елден 140-тан астам спортшы қатысты. Чехиядағы бірінші кезеңде Д.Ұлысбаев алтыншы болып келді, Франциядағы екінші кезеңде екінші орынға қол жеткізді. Соңғы Швейцариядағы кезеңде АҚШ-тың, Голландияның және басқа да елдердің белгілі шеберлерін басып озып, жеңімпаз атанды. Қорытындысында жамбылдық спортшы велошабандоздардың бас іріктеу жарысында екінші орынға шықты.
К.Көкірекбаев спортшыны тамаша табысымен құттықтады және үш кезеңдік жарыста мұндай табысқа жету әркімнің қолынан келе бермейтінін атап өтті. «Біздің жамбылдық спортшы жақсы нәтижелер көрсетумен қатар қорытындысында жеңіске жетті. Сенің табысың - зор нәтиже. Сен енді тоқталып қалмай, көп нәрсеге қабілетті екеніңді көрсете отырып, ересектер веложарысында да үздіктер қатарынан көрінеді деп сенеміз. Әрине, бұл оңай емес, бірақ та сенің мүмкіндігіңмен ең беделді жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінесің деп ойлаймыз», - деді өңір басшысы.
Бағалы сыйлықтар мен алғысхаттарға спортшы да, оның жаттықтырушылары Анатолий Головин мен Тимур Келімбердин де ие болды. Облыс әкімі олар өз шәкіртін жаңа табыстарға әзірлейді, соның ішінде Олимпиадалық ойындарға да қатысады деген үмітін білдірді.
Қазіргі кезде Д.Ұлысбаев су спорты мен велосипед спорты түрлерінен облыстық олимпиада резервтері мектебінде жаттығулармен айналысуда, Алматыдағы республикалық спорт колледжінде оқып жүр. Сондай-ақ елдің ұлттық құрамасында ойнайды.
Оның айтуынша, қазір ол алдағы Катар мен БАӘ-де өтетін әлем чемпионатында табысқа жету мақсатын алға қойып отыр. «Біздің еліміз атынан Олимпиадаға және «Тур де Франс» жарысына қатысуды армандаймын», - деп сырымен бөлісті спортшы.