Жамбыл облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерін құттықтады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының басшысы Кәрім Көкрекбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Бақтыбаевты Жаңа жылмен құттықтады. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Аймақ басшысы ардагерге теледидар мен сыйлықтар салынған себетті, ақсақалдың жары Рахима апаға гүл шоғын сыйлады.

ҰОС ардагері Сталинград пен Курск маңындағы қанды шайқасқа қатысқандығын баяндап берді.

«Красноярск қаласында тоғыз ай бойы госпитальда жатып, кейін 1944 жылы Жамбылға оралдым», - деп еске алды Төлеген ата.

Соғыстан кейін ардагер тарих пәнінен сабақ беріп, 30 жыл мектеп директоры қызметін атқарған.

Мұғалімдік қызметтің бірінші жылында мектептегі оқуын аяқтағалы жатқан Рахиманы ұнатып, үйленген. Жары кейін мектепте кітапханашы болып қызмет етті. Екеуі бес қыз бен алты ұл тәрбиеледі. Қазір оларда 35 немере мен 36 шөбере бар.

Төлеген ата мен Рахима апа балалары мен немерелерін мақтан тұтады. Олардың арасында экономика ғылымдарының докторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, математик, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, заңгерлер, сәулетшілер бар.

«Біз Қазақстанның патриотымыз, - дейді ардагердің қызы Раушан Мақұлова. - Әкемнің балалары мен немерелерінің бірі де жақсы өмір іздеп шетелге кеткен жоқ».

Кәрім Көкірекбаев Бақтыбаевтар жанұясын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, денсаулық пен елімізге бейбітшілік тіледі.

Ақсақал билік тарапынан көңіл бөлініп жатқанына алғыс айтты. «Саусақпен санарлықтай соғыс ардагерлері қалды. Бізді естен шығармай, бағалайтынына разымын, - деді Төлеген ата. - Биыл Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге қатысқанда бұған тағы бір рет көз жеткіздім».

Соңғы жаңалықтар