Жамбыл облысының әскерилері Петропавл көшелеріне дезинфекция жасайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл көшелерін зарарсыздандыруға әскери қызметшілер де ат салысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Қорғаныс істері департаментінің мәліметінше, Петропавлға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 50 сарбазы келді. Жамбыл облысында келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын олар еліміздің солтүстігінде дезинфекциялық жұмыстарды атқаруға көмектеседі.

«Әскери қызметшілер ең алдымен басқару формасы жоқ иесіз көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін, есік алдарын зарарсыздандырады. Мұндай баспаналар көбіне Жас өркен, Былғары зауыты, Жұмысшы кентінде орналасқан. Олар негізінен 2-3 қабатты ғимараттар. Петропавлды 4 секторға, ал оларды ыңғайлы болу үшін шағын бөліктерге бөлдік. Әскери қызметшілер қаланың орталық көшелерінде де еңбек етеді. Шағын сәулет ескерткіштерін, балалар мен спорт алаңдарын да зарарсыздандырады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің жетекшісі Ерлан Қайырбеков.

Петропавлға келген әскери қызметшілер Бескөл ауылындағы интернатқа орналастырылды. Арнайы киім-кешекпен, зарарсыздандыратын құрал-жабдық, препараттармен толық қамтылды. Күнделікті 6 сағаттан артық жұмыс істейтін сарбаздар бүгін Жамбыл Жабаев көшесіндегі карантинге жабылған подъездерді, балалардың ойын алаңы мен ауланы диахлор ерітіндісімен дезинфекциялады.


Соңғы жаңалықтар