Жамбыл облысының отандық қант өндірісіндегі үлесі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының 350-ге жуық шаруашылығы қант қызылшасын өсіруде. Олар «тәтті түбір» өнімін «Орталық Азия Қант  копорациясы» ЖШС филиалы Меркі қант зауытына өңдеуге бағыттауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қазақстандағы қант қызылшасын өсіруді қолдау мен отандық қант өндірісін кеңейту бағдарламасы бұл саланы дамытуға елеулі серпін берді. 2008 жылдан бастап облыста қант қызылшасына арналған егіс алқаптарының аумағы кеңейіп келеді және «тәтті түбірдің» шығымдылығын арттыруға қатысты тиісті шаралар атқарылуда. Осы орайда Жамбыл облысы халықты өзінің қантымен қамтамасыз ету бағытын белгіледі.



Ойтал ауылындағы Меркі қант зауыты жаңғыртылып, бүгінде қант қызылшасын өңдеу мен қант көлемін белсенді арттыруда. 2015 жылы кәсіпорын отандық қант қызылшасын өңдеу үшін Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аудандарынан 16 мың тоннадан астам өнімді қабылдады. 2016 жылы Меркі қант зауыты 145 мың тонна өңдеп үлгерді. Бұл ретте аталған зауыттың жұмысы жайында «ҚазАқпарат» агенттігіне оның директоры Нұржан Қарғабаев айтып берді.

«2015 жылы қызылша шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстары екі кезеңде жүрді. Сол жылы бірінші кезеңде корпорация 480 млн теңге инвестиция салды. Осы орайда өндіріске озық қондырғылар орнатылып, жаңа техника сатып алынды. Сонымен қатар теміржол желісіне жөндеу жүргізілді. Биыл екінші кезеңде инвестиция көлемі 1 млрд 120 теңгені құрады. Бұл бағытта негізгі технологиялық жабдықтар жаңғыртылып, жоғары өнімділігі бар сүзбелер, вакум-аппараттар орнатылып, технологиялық процесс автоматтандырылды. Осындай ауқымды жұмыстар көптен бері жасалмаған еді», - дейді зауыт директоры.

Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорында бірнеше цехтар толықтай жаңартылып, барлық қажетті процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде, қант сапасы мен еңбек ету жағдайы елеулі түрде жақсарып қалды. Осы орайда жаңғырту шаралары өткізілгеннен кейін, зауыт ресейлік қант өндіретін зауыттармен бәсекелесе алады.

Аталған жұмыстардың арқасында Меркі зауытының әлеуеті артты. Бұл тұрғыда кәсіпорынның қант құрағын өңдеу бойынша да қуаттылығы жоғарылады.



«1 қазаннан қант қызылшасын қабылдауды бастадық. Бүгінде 110 мың тоннадан астам қызылша жиналды, сәйкесінше біз оны өңдеуге кірісіп кеттік. Жаңа жылға дейін бұл жұмыстарды аяқтаймыз деп ойлаймын. Ал содан кейін қант құрағын өңдеу жұмыстарын іске асырамыз. Атап айтқанда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен өнімді жеткізудің кестесін құрған едік, қазір тиісті шаралар аяқталуға жақындады. Фермерлер қызылшаны тапсырады, біз өз кезегімізде акті жасаймыз және бухгалтерия өткізілген өнімнің көлемі бойынша анықтама береді. Ал шаруашылық өкілдері осы анықтамамен ауыл шаруашылығы басқармасына барған соң, оған субсидия төленеді», - дейді ол.

Меркі зауытының директоры қызылша тапсыратындарға көмек ретінде «Орталық Азия Қант  копорациясы» Таразда өнім қабылдайтын қосымша пунктерді ұйымдастырғанын еске салып өтті.

Өз кезегінде шикізат бөлімінің меңгерушісі Надежда Мозговаяның сөзіне қарағанда, биыл өткізіліп жатқан қызылшаның сапасы жақсы.



«Биыл өнімді еш дүрлікпесіз, шағымсыз қабылдадық. Жеткізілген қызылша ешкімге де қайтарылған жоқ, яғни қанша өнім жеткізілсе, соның барлығын қабылдап, қоймаға кіргізудеміз. Нәтижесінде, фермерлер ризашылығын білдіруде», - дейді Н. Мозговая.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысы аумағында қызылша өсіретін алқаптар 9 мың гектарға дейін жеткізілді. «Тәтті түбірдің» шығымдылығы 155 мың тоннадан астам деңгейде болжанды. Осы орайда биылғы жылы гектарынан орташа  есеппен 228 центнер өнім алынды. Өткен жылы 5 мың гектардан 116 мың тонна жиналған еді. Сол кезде орташа өнімділік гектарынан 232 центнерді құрады.





«Елбасының қант қызылшасы өнімділігін арттыру мен отандық қантты өндіру көлемін ұлғайту тапсырмасын орындау үшін «Орталық Азия Қант  копорациясы» ЖШС барлық күш-жігерін салуда», - деп атап өтті Нұржан Қарғабаев.











Соңғы жаңалықтар