Жамбылда «Бір бала - бір ағаш» жобасы жүзеге асырылуда

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бір бала - бір ағаш» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жамбылда «Бір бала - бір ағаш» жобасы жүзеге асырылуда

Облыс әкімдігінің ішкі саясат бөлімі бұл өскелең ұрпақтың еліне, жеріне деген отан сүйгіштік қасиетін оятып, Жамбыл облысы аумағында жасыл аймақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған ұзақ мерзімді жоба екендігін айтты.

«Бір бала - бір ағаш» жобасы Мемлекет басшысының Қазақстанды өмір сүру үшін қолайлы аймаққа айналдыру  туралы тапсырмасына орай өткізілуде», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева.

Жоба барысында дүниеге келген нәрестенің ата-анасы көпжылдық ағаш отырғызу ісіне қатысады.  Одан кейін оларға отырғызылған ағаштың құжаты беріледі.

«Барлық аудандар мен Тараз қаласындағы акцияның ұйымдастырушылары тұрақты түрде  облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды бақылау басқармасы, аудандар және Тараз қаласының әкімдіктері болады.

Олар ағашты отырғызу орнын белгілейді, жергілікті әкімдік пен перинаталды орталықтар арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Нәрестелі болған ата-аналар ағаш отырғызғаннан кейін, оларға күтім жасайтын мамандарды тағайындайды. Жыл өткен сайын біз отырғызған ағаштар саны артып, тұрғындар үшін демалыс орындары көбейеді деп сенеміз», - деп атап өтті Ғалия Боранбаева.

Облыстық әкімдік мәліметінше, Жамбыл облысында қазан айының өзінде 2 829 нәресте дүниеге келген.